«Құқықбұзушылықтың алдын алу»
2026 жылғы 19 қаңтар күні Алматы қаласы Алатау аудандық Полиция басқармасына қарасты Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Усен Нуршад Талғатұлы және Алатау аудандық Полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Ювеналдық полиция бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Шайкыслам Э.С. №210 мектеп-лицейінде профилактикалық бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шараға мектеп-лицейдің 10-11-сынып оқушылары қатысты. Кездесу барысында «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбы аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі, қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіз мінез-құлық дағдылары, интернеттегі қауіпсіздік, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлері оқушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес құқықтық нормаларды түсіндіріп, құқықбұзушылықтың салдары, оның жеке тұлғаның дамуына тигізетін кері әсері жөнінде нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар оқушылардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы
туралы мәліметтер берілді.
Іс-шара сұрақ-жауап форматында өтіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар ұсынылды. Кездесудің негізгі мақсаты — оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтауға тәрбиелеу және құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады.

