«Кітап – менің досым» кітапханаға саяхат
Қыркүйек айында 1 сынып оқушыларына арналған «Кітап – менің досым» атты кітапханаға саяхат ұйымдастырылды. Іс-шара барысында оқушыларды кітапхана меңгерушісі қарсы алып, кітапхананың құрылымы, бөлімдері және атқаратын қызметі туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Оқушыларға кітапхананы пайдалану ережелері түсіндіріліп, кітапты дұрыс таңдау, сақтау және уақытында қайтару тәртібі айтылды. Сонымен қатар, кітапты ұқыпты ұстаудың маңыздылығы, оны жыртпау, беттерін бүктемеу, таза сақтау қажеттілігі туралы мысалдар арқылы түсіндірілді.
Кітапхана қорындағы ертегілер, балаларға арналған көркем әдебиеттер, танымдық кітаптар мен журналдар таныстырылып, балалардың жас ерекшеліктеріне сай кітаптар ұсынылды. Іс-шара барысында кітап туралы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, сұрақ-жауап ұйымдастырылып, оқушылар белсенділік танытты. Іс-шара соңында оқушылар кітапханаға жазылу тәртібімен танысып, өздеріне ұнаған кітаптарды таңдап көруге мүмкіндік алды. 